Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар Страница 16
- Категория: Поэзия, Драматургия / Драматургия
- Автор: Қайыркелдi Руспаев
- Год выпуска: неизвестен
- ISBN: нет данных
- Издательство: -
- Страниц: 22
- Добавлено: 2019-05-23 15:35:48
Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар краткое содержание
Прочтите описание перед тем, как прочитать онлайн книгу «Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар» бесплатно полную версию:Бұл кітапта оқырманға әр түрлі жанрда жазылған пиесаларымды ұсынамын: трагедия, драма, комедия, жастар мен балаларға арналған шығармалар.
Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар читать онлайн бесплатно
Асқар. Жо… жоқ, ештеңе емес. Тек… сізді бүгін… дәл осы жерде көрем деп ойламап едім. Алайда мен де сізбен оңаша сөйлесейін деп едім.
Ғабдуррахман. Кешіріңіз, жағдай солай болды. Сізді тек үйіңізде оңаша кездестірмесем… мешітте жаныңызда әрдайым біреулер жүреді. Ал өзіме шақырайын десем… білесіз ғой – менің сарбаздарым мені ешқашан жалғыз қалтырмайды. Міне, сондықтан түнделетіп, жасырын келдім. Мен сізді ұйықтап қалған шығар деп ойладым… бірақ, сіз әлі жатпапсыз.
Асқар. Енді қайдағы ұйқы! Не ұйқы келмейді, не ас жүрмейді…
Ғабдуррахман. Асеке, сіз мені кешіріңіз. Мен сіздің үйдегі жеңгейді, қызыңыз бен ұлыңызды босатсын деп бұйрық бердім. Жаңа, осында келердің алдында стадионға жігіттерді жібердім. Менің оларды тұтқындайтын ойым жоқ еді. Ол кісі өзі, қоярда қоймай кіріпті стадионға. «Мен халықтың, отандастарымның жанына барамын, солардың тағдырымен ортақтас боламын, менің олардан жаным қадірлі емес» депті. Әрине, менің ызамның қайнағаны да бар – өзіңіз білесіз ғой, қандай сөздерді жұрттың көзінше менің бетіме басқанын. Сізді де табалап кетті ғой. Сосын ойладым, бір-екі күн отырып біраз есін жисын деп. Сіз олар үшін уайымдамаңыз – қазір олар азат етіледі. Бірақ үйіңізге қайтып келе ме – келмей ме, оны білмеймін. Мен жігіттеріме жеңгейді апар деген жеріне жеткізіп тастаңдар деп бұйырдым. Тек қана қаланың сыртына шығара алмайды – оққа ұшатын қауіп бар. Қаланы қоршап тұрған әскердің снайперлері қимылдаған, қыбырлаған адамды қағып түсіруі мүмкін. Қалада жеңгейдің туыстары, құрбылары бар ма еді? Баратын жері бар ма?
Асқар. Білмеймін… бар болар… тек сіз оларды шынында да азат етсеңіз.
Ғабдуррахман. Азат етеміз! Ол үшін күмәнданбаңыз. Міне бүгін Иван Новиков та шешесі мен қарындасын стадионнан алып кетуге рұқсат сұраған, мен оған рұқсат бердім. Алайда оның шешесі өліп қалыпты. Ал қарындасы шешесінің мәйітінің жанында қалыпты. Мен ол баланы мәйітпен бірге үйіне жеткізсін дедім, жерлеуге қажет қаражатты партияның қорынан бөліп бердім. Мүмкін осы үйдегі жеңгей солармен бірге болар. Міне, көрдіңіз бе – уайымдайтын ештеңе жоқ.
Асқар. Мен өз отбасым үшін ғана уайымдап отырған жоқпын. Мен бүкіл стадиондағылар үшін, бүкіл қала тұрғындары үшін уайым жеп отырмын. Сіз енді өзіңіз де түсінген боларсыз – сіздің экспериментіңізден ештеңе шықпады. Сондықтан енді қару-жарағыңызды тастағаннан басқа амал қалмады. Иә, сіз сөзсіз сотталасыз… біз бәріміз де сотталамыз. Бірақ, өз еркіңізбен қару-жарақ тастап, қаланы мемлекет қарулы күштеріне тапсырсаңыз, сот сізге кешірім жасайды. Әлбетте жасайды.
Ғабдуррахман. (өңі бұзылып кетеді) Жоқ! Мен ол сотты заңды деп санамаймын. Мен тек Аллаһтың сотын, Аллаһтың заңын мойындаймын. Қару-жарағымызды да тастамаймыз – алдымызға қойған мақсатымызға жетпей тастамаймыз. Біздің мемлекетімізді, біздің қоғамымызды күнәһарлардан, қылмыскерлерден тазартпай тоқтамаймын. Ал мына біздің, сіз айтпақшы, экспериментімізден түк шықпады дегенмен мен келіспеймін. Өзіңіз білесіз – осы қысқа мерзімнің ішінде қаламыз әжептәуір тазарып қалды. Біз қылмыстың барлық түрлерін тыйдық. Мұсылмандар оң мен солын аңғара бастады, намаз оқуды үйренді, адам сияқты киім киуге дағдыланды. Қазір еш қауіпсіз түнгі көшелермен жүруге болады. Қала тұрғындары бір-бірімен сыпайы сөйлеседі, адал сауда-саттық жүріп жатыр, ешкім ешкімді алдамайды, ешкім ешкімді қанамайды, азық-түлік пен басқа тұтынатын тауарлар таза, хәләл. Біз арақ пен есірткіні жойдық, темекі шегушілер мен насыбай ататындардың да саны азайып келеді. Банкілер дұрыс жұмыс істей бастады, олар мұсылмандарға дұрыс қызмет көрсетуде, бұрынғыдай өсім пайызын алып ашықтан-ашық тонау деген жоқ. Шенеуніктер жұмысын адал, әділ атқаруда. Ешкім пара алмайды – пара бермейді. Бұдан басқа не керек?!.. (шейх имамға қарайды, бірақ ол үндемейді) Иә, мүмкін біздің бастамамыздың болашағы жоқ та болар. Бірақ мен кәміл сенемін – қалай да болса, түбінде, егер халық әбден малғұндыққа, азғындыққа батып, құрып кеткісі келмесе, бәрібір, ерте ме, кеш пе, болашақта бір шариғат заңын қабылдайды. Мен… тек сол болашақ қоғамға алғашқы жол салушымын. Менің ізіме түсетіндер болады әлі, болады, иншалла! Олар тіпті менен де асқан мұсылман болады, адамзат әлі түседі Алланың тура жолына, түседі! Иншалла, түседі!
Асқар. Мен шариғат заңының, ислам дінінің болашағы жоқ деп тұрған жоқпын. Иә, адамзат түседі тура жолға, иншалла түседі. Ал бірақ сол жарқын болашаққа сіздің салған қатерлі соқпағыңыз апармайды. Болашаққа ізгілік, рақымдылық, мейірбандық, адамгершілік, шынайы имандылық ғана апара алады. Зұлымдық, қатыгездік тек артқа, кері тартатын жол. Сіздің жаңағы мақтан етіп отырған жетістіктеріңіз шын мәнінде жетістік емес. Өйткені ол жетістіктерге сіз тек қатал жазаның нәтижесінде жеттіңіз. Егер ертең шариғат заңы өз күшін жойса, қоғам бұрынғы арнасына түседі. Өйткені сіз адамдарды өзгерткен жоқсыз, сіз оларды тәрбиелеген жоқсыз, сіз тек оларды оңдап тұрып үрейледіріп алдыңыз. Сіз әлгі жарқын болашаққа адамдарды қамшымен айдап апарғыңыз келеді. Сіз болашаққа бір күнде, бір-ақ секіріп түсемін деп ойлайсыз. Сізден де бұрын сондайлар болған. Тарих сіз сияқтыларың бірсыпырасын біледі. Тек қана сіз сияқтылар тарихты білмейді. Тарихтан сабақ алмайды. Алысқа бармай-ақ қояйық. Жүз жыл бұрын Ленин деген біреу бір күнгі төңкерістің нәтижесінде жер бетінде жұмақ орнатпақшы болған. Халықты қандай «жұмаққа» түсіргенін өзіңіз де білетін шығарсыз.
Ғабдуррахман. Сонымен сіз мені Ленинге теңедіңіз, иә?! Бірақ, ол кәпір емес пе еді! Және де оның қателігі…
Асқар. Оның қателігі – сіздің қателігіңіз! Халықты жұмаққа дүренің астына алып, қамшымен айдап апарып қамауға болмайды. Адам баласы жұмаққа өз еркімен, өзінің имандылығының, тақуалығының нәтижесінде кіре алады. Басқа жол жоқ, басқадай Алла тағала оны жұмаққа кіргізбейді де.
Ғабдуррахман. (сағатына қарап қойып) Асеке, кімнің жұмаққа кіріп, кімнің кірмейтінін бір Аллаһ біледі. Менің сізбен сөз таластыратын уақытым жоқ. Сіздің көз қарасыңыз өзіңізге, менің көз қарасым өзіме. Меніңше, біздің халықты тек таяқтың көмегімен тәртіпке шақыруға болады. Оңдап тұрып сабап алмасаң райынан қайтар емес. Менің оған көзім әбден жетті. Қайткенде мен өз жолымнан таймаймын.
Асқар. Егер менімен сөз таластырғыңыз келмесе, менімен сөйлескіңіз келмесе, мұнда неге келдіңіз?
Ғабдуррахман. Жоқ, Асеке, мен сізбен сөйлескім келеді. Мен сізбен әрдайым сөйлескім келеді. Бірақ қазір уақыт жоқ. Уақыт тығыз. Өйткені бағана, күн батысымен, маған қаланың сыртынан елші келді. Ол президенттің ультиматумын алып келіпті. «Таң атқанша қару-жарақ тастап қаланы тапсырыңыз» депті президент. «Таң атысымен шабуыл жасауға пәрмен беремін» дейді. Міне… сізге келген себеп осы. (Асқарға ультиматумды береді)
Асқар. (оқып шығып) Мен сізді әуелден ескерттім ғой – президент ешқашан автономияға келісім бермейді деп. Ол енді шабуылға бел байлады. Сізге беретін кеңесім – қару-жарақ тастап ақ жалау көтеріңіз. Ең әуелі стадиондағы тұтқындарды босатыңыз.
Ғабдуррахман. Мен сізден кеңес сұрауға келген жоқпын. Мен ешқашан қолыма алған қаруды тастамаймын, ақ жалау көтермеймін.
Асқар. (көтеріңкі дауыспен, тағаты таусыла) Менің кеңесім керек болмаса, онда бұл әңгімені несіне бастадыңыз?!
Ғабдуррахман. (тесірейіп қарап тұрып) Мен сізге бір ұсыныспен келдім. Сіз менің елшім болмақсыз. Сіз президентке менің бір ұсынысымды жеткізесіз.
Асқар. Ол қандай ұсыныс? Ғабдуррахман! Президент енді сізден ешқандай ұсыныс қабылдамайды. Ол ультиматум қойды – сізде енді көп уақыт қалған жоқ. Қазір, бір-екі сағаттан кейін таң атады. Сосын… арғы жағын өзіңіз білесіз. Шабуыл басталысымен қан судай ағады.
Ғабдуррахман. Бір-екі сағат жеткілікті мерзім. Сіз елші болып барып президентпен жолығасыз. Иә, ол автономияға келіспейді… келісе алмайды. Менің оған көзім жетті. Енді мен оған тағы бір ұсыныс жасайын деп отырмын. Біріншіден, біз оның талабына сәйкес қаруымызды тастап қаланы қарулы күштерге тапсырамыз, ал ол мені және менің партиялас жолдастарымды, сарбаздарымды қудаламайды, соттамайды. Екіншіден, бізге өзеннің арғы жағындағы шағын ауданды береді – біз онда жеке үмбет болып, жеке қоғам құрамыз. Иә, иә, біз енді мемлекеттің заңын мойындаймыз. Тек жергілікті билік біздің ішкі өмірімізге кіріспейді. Біз, өзіміздің арамызда, өзіміздің жеке ұйымымызда, өзіміздің қоғамымызда шариғат заңымен өмір сүреміз. Біздің шағын ауданымызда кәпірлер тұрмайды. Біздің балаларымыз медереседе дәріс алады. Біздің қыздарымыз, әйелдеріміз, ер-жігіттеріміз мұсылманша киініп жүреді. Өзіміздің шағын ауданымызда біз өзіміз тәртіп орнатамыз. Бұзықтыққа жол бермейміз. Тұжырымдап айтқанда, біз үлгілі, ислами шағын аудан орнатамыз. Сонсоң кімнің заңы жақсы, кімнің заңы дұрыс, ал кімнің заңы бұрыс екеніне халықтың көзі жетеді. Біз өзіміздің қатарымызға нағыз мұсылман болғысы келгендерді қабылдап отырамыз. Нәтижесінде біздің шағын ауданымыз, бірте-бірте, жылдан жылға өсіп, кеңейіп, болашақ ислами мемлекеттің, одан әрі ұлы халифаттың негізін құрайды.
Жалоба
Напишите нам, и мы в срочном порядке примем меры.