Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар Страница 3

Тут можно читать бесплатно Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар. Жанр: Поэзия, Драматургия / Драматургия, год неизвестен. Так же Вы можете читать полную версию (весь текст) онлайн без регистрации и SMS на сайте «WorldBooks (МирКниг)» или прочесть краткое содержание, предисловие (аннотацию), описание и ознакомиться с отзывами (комментариями) о произведении.
Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар

Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар краткое содержание

Прочтите описание перед тем, как прочитать онлайн книгу «Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар» бесплатно полную версию:
Бұл кітапта оқырманға әр түрлі жанрда жазылған пиесаларымды ұсынамын: трагедия, драма, комедия, жастар мен балаларға арналған шығармалар.

Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар читать онлайн бесплатно

Қайыркелдi Руспаев - Төңкеріс. Пиесалар - читать книгу онлайн бесплатно, автор Қайыркелдi Руспаев

Асқар. Иә, сіздің айтқаныңыз орынды болар. Алайда адам, қай ұлттың өкілі болмасын, қандай дін ұстануын өзі шешуі керек. Және де қандай заңмен өмір сүруді халық өзі шешуі тиіс. Сондықтан сіз партияңызды қазіргі заң бойынша тіркеп, халық арасында үгіт-насихат жүргізіп, ашық сайлау нәтижесінде билікке келгендеріңіз жөн. Ешқандай қарулы көтеріліссіз, қан төгіссіз, мәселен, партияңыздың мүшелерін мәжіліс депутаттығына сайлап, парламент көпшілігін құрып, заң өзгерту арқылы мемлекеттік жүйені өзгертуге болады. Ал қоғамның бұзылғанына келсек… қоғамды, адамдарды дұрыс жолға күшпен, зорлықпен түсіре алмайсыз, оларға тиісті тәрбие беру керек, Алланың жолын көрсету керек, содан кейін олар өздері де сол тура жолға басады.

Ғабдуррахман. Біздің қазіргі заң жүйесі екіжүзді. Егер де біз, сіз айтқандай, мәжіліске сайланып, парламент көпшілігін құрып ата заң ретінде шариғат заңын еңгіземіз десек, президент «бұл парламент заңсыз» деп жариялайды да таратып жібереді. Қазіргі заң оған сондай құқық беріп тұр. Мен ол жөнінде еш күмәнім жоқ. Және де сіздің нұсқап отырған жолыңыз – тым ұзақ жол. Мәселен, сіз осы қаланың мешітінің имамы болғаныңызға бес жыл болыпты. Сол мерзімде жамағатыңыз қанша пайызға өсті?

Асқар. Мен ондай арнайы есеп жүргізген жоқпын.

Ғабдуррахман. Сонда да… жәй, тек мөлшерлеп айтқанда, неше пайызға өсті сіздің жамағат? Және оның саны өсті ме?

Асқар. Өсуін өсті ғой… тек… мойындау керек – айтарлықтай көп өскен жоқ.

Ғабдуррахман. Мінеки! Менің естуімше, осы өткен бесжылдықта мұсылман қатарына он бес, көп болса, жиырма адам өтіпті. Ал сол адамдарды нағыз мұсылман деуге бола ма? Олардың көбі жәй тек Жұмабектер ғой.

Асқар. (таңырқап) Жұмабектер?! Қандай Жұмабектер?

Ғабдуррахман. (күліп жібереді, онымен бірге бөлмеде отырғандар да күледі) Жұмабек дегеніміз лақап атама, ол – тек қана жұма намазына қатысушы, күнделікті бес намазын өтемейтін мұсылман-сымақ.

Асқар. Мен сіздің бұлай мысқылдауыңызды қолдамаймын. Адам кейде дінге тікелей жолмен емес, күрделі де, ұзақ та жолдармен келеді. Мен үшін сол сіз айтқан «жұмабектердің» ықыласы, ниеті қымбат. Тек сол ниеттерін Алла тағала қабыл алса екен деп тілеймін. Ал сіздің соларға жоғарыдан төмен қарағаныңыз дұрыс емес, бұл көзқарас – тәкәппарлықтың белгісі. Ал Алла тағала Құран Кәрімде тәкәппарларды сүймейтінін айтқан.

Ғабдуррахман. (қабағын түйіп, дауысын зілдендіріп) Бұл тәкәппарлық емес, бұл тек жалаңаш фактты мойындау. Ал сіз айтыңызшы – Аллаһ тағала парыз еткен бес мезгіл намазды өтемегендерді сүйе ме? Ондай адамды мұсылман деуге бола ма?

Асқар. Әрине, егер кімде-кім ислам дінінің бес парызының бірін елемесе, оның иманы үлкен күмән тудырады. Алайда, намаз оқымайтын кісіні кәпір деген дұрыс емес. Ең бастысы – адамның жүрегінде иманы, Аллаға деген сенімі болуға тиіс. Міне, егер ондай сенім, иман болмаса – мейлі маңдайын жарып алсын күні-түні сәждеге қойып – ол адам ешқашан мұсылман бола алмайды.

Ғабдуррахман. Ал мен білетін хадис шарифке жүгінсек, пайғамбарымыз Мұхаммад, салаллаһу ғалайһи уассалам, «адам мен иманның арасында намаз тұр» деген. Яғни, иманға жету үшін адам әуелі намазды игеруі керек.

Асқар. Жөн-ақ! Бірақ сол хадисті сіз білесіз, мен білемін… ал қарапайым адам, қазіргі біздің замандасымыз біле ме? Білмегені үшін оны кіналауға бола ма? Ол бала кезінен советтік, атеисттік тәрбие алған, совет үкіметі тарағаннан кейін де тәрбие мен білім беру саласы атеисттік болмаса да зайырлы түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан қарапайым азаматты намаз оқымадың деп кәпір қатарына жатқызған дұрыс емес. Ал басқа дін ұстанғандарды алсақ, мәселен, христиандарды, оларды да мен кәпір деп есептемеймін. Өйткені олар да біз сияқты Жаратқанға иман келтіріп отыр. Ал олар бес мезгіл намаз өтемейді, көбісі аптасына бір рет, жексенбі күні шіркеулеріне барып сыйынады. Сонда не? Оларды Жексембай дейік пе? (бөлмеде отырғандар күліп жібереді)

Ғабдуррахман. (қабағын түйіп күлгендерге қарайды – олар жым болады) Христиандарда жұмысым жоқ. Олар мұсылман емес, олар нағыз мүшріктер – бір Алланы үшеу дейді. Оларға айтатыным: «Біздің дінімізді қабылдаңдар, шариғат заңымен өмір сүріңдер, немесе біздің елімізден кетіңдер!» Бітті әңгіме!

Асқар. Ал сонда олар, не ислам дінін қабылдамай, не кетпей осында отыра берсе не істейсіз? Олар біздің республикамызды өздерінің отаны деп санайды, көбісінің ата-бабалары осында туып-өскен, қалай сіз оларды өз отанынан қуасыз?

Ғабдуррахман. Біз ешкімді қумаймыз. Біз тек шариғат заңын орнатамыз, сол заңды қолданамыз, ал сол заңды мойындамағандар, сол заңға қайшы әрекет істегендер қылмыскер деп танылып тиісті жазасын алады.

Асқар. Сонда оларға қандай жаза бермексіз?

Ғабдуррахман. Шариғат заңы қандай жаза беруді талап етсе, сондай жаза береміз. Мәселен, мен қазіргі мемлекетіміздегі заң-сымақты мойындамасам, соған қайшы келетін әрекет жасасам, соның тарауларына сәйкес жазаланамын. Бас бостандығымнан айырыламын ба, айып пұл төлеймін бе, әлде өлім жазасына кесілемін бе – оны сол тараулар біледі. Ал біз, билікті қолға алысымен, қылмыскерлерге шариғат заңының тараулары бойынша жаза тағайындаймыз. Зынданға тастау керек пе, дүре соғу керек пе, таспен атып өлтіру керек пе әлде атып тастау керек пе – соның бәрін шариғат заңы мен соты белгілеп тиісті жаза тағайындайды.

Асқар. Шариғат заңы көбінесе адамды бас бостандығынан айырмайды. Көбіне айып-пұл төлеумен, дүре соғумен шектеледі. Ұрылардың қолдарын шауып тастайды. Ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кеседі. Кісі өлтіргендерге, өлген адамның туыстарының қалауынша, немесе құнын төлетеді, немесе өзін өлтіреді. Бірақ, мен тағы да қайталаймын: шариғат заңына көшуді қоғам өзі таңдап алуы тиісті. Еріксіз, күшпен, зорлықпен қоғамды сол заңды қабылдауға мәжбүр етуге болмайды.

Ғабдуррахман. Неге? Мәселен, мен өз басым қазіргі заңдарды әділ деп санамаймын. Алайда, сол заң менің пікіріммен санаспайды. Мемлекет мені сол заңды ұстануыма мәжбүр етіп отыр, зорлықпен, күшпен мәжбүр етіп отыр. Жалғыз мені емес – міне осында отырған мұсылмандарды, тағы да біз сияқты мыңдаған адамдарды. Қай заң болмасын – ол күштің, зорлықтың белгісі. Қай заң болмасын қоғамның бір тобының басқа топтарына көрсетіп отырған үстемдігі. Ал шариғатты алсақ, ол адам заңы емес, ол Аллаһтың заңы. Аллаһтың үстемдігі, Аллаһтың күші, Аллаһтың нұсқауы. Солай емес пе?

Асқар. Жоқ! Алла тағала зорлыққа қарсы. Құран Кәрімнің бірінші аяты не дейді? «Бисмиллаһир-Рахман ир-Рахим!» – «Мейірімді, Рақымды Алланың атымен!» Бұл аят қасиетті Құранның басынан аяғына шейін бәлен рет қайталанады. Ал осы аятты қайталай отырып біз қалай ғана мейірімсіз, рақымсыз болмақпыз, а? (осы жерде Асқар Ғабдуррахманға тесірейіп қарайды – ол үндемейді) Мәселен, Аллаһ тағала кәпірлерге: «Сендер менің дінімді, заңымды ұстанасыңдар, ұстанғыларың келмесе де ұстанасыңдар, күшпен, зорлықпен ұстандырам» деген жоқ. Керісінше, Кафирун сүресінде Ол былай деген: «Айт: Әй кәпірлер! Сендердің табынғандарыңа табынбаймын. Сендер де менің құлшылық қылғаныма құлшылық қылмайсыңдар. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме». Өйткені Аллаһ мейірімді, рақымды, және де ол бүкіл адамдардың мұсылман болғанын қаламайды. Егер ол соны қалағанда бүкіл адамзат бір күнде, бір сәтте мұсылман болып шыға келуші еді. Мұхаммед пайғамбар да, саллаллаһу ғалайһи уассалам, өз отанында шариғат заңын орнатудың алдында ең әуелі отандастарының ислам дінін жүректерімен, сана-сезімдерімен қабылдауын қамтамасыз етті, және де сол уағыз ұзақ уақытқа созылды – жиырма үш жыл бойғы үгіт-насихат нәтижесінде ислам діні қабылданды. Мінеки, біз де солай істеуіміз керек. Әуелі шариғатты, ислам дінін, оның қағидаларын біздің отандастарымызға уағыздап, насихаттап, түсіндіріп, адамдарды тәрбиелеп, дінімізді жүректерімен, санасымен қабылдауын қамтамасыз етіп еңбектенсек, содан кейін сол адамдар шариғат заңын мемлекет заңы ретінде өздері де қабылдап алады. Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес. Егер пайғамбарымыз, саллаллаһу ғалайһи уассалам, Алланың тікелей қолдауымен, ислам дінін уағыздауына жиырма үш жыл уақыт жұмсаса, ал бізге, біздің шектеулі қабілетімізбен, бізге қанша уақыт қажет? Сіздердің алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз дұрыс, тек қана сол мақсатқа бір күнде жетеміз деп ойламаңыздар.

Ғабдуррахман. Бәрбір ешқашан, еш заңды бүкіл қоғам, бүкіл халық жаппай қабылдаған емес. Көпшілік қабылдаса неғайбіл. Көбінесе қоғамның бір тобы, және де шағын, кейде ең аз тобы, сол заңды қабылдайды да, қалған топтарды қабылдауға мәжбүр етеді. Кез келген жаңа заң күшпен, зорлықпен орнайды. Ал сол заңдардан шариғаттың не кемшілігі бар? Мәселен, пайғамбарымыз да, саллаллаһу ғалейһи уәссалам, кейбір кезеңдерде қолына қару алуға мәжбүр болған. Осыны білмеймін дей алмассыз.

Перейти на страницу:
Вы автор?
Жалоба
Все книги на сайте размещаются его пользователями. Приносим свои глубочайшие извинения, если Ваша книга была опубликована без Вашего на то согласия.
Напишите нам, и мы в срочном порядке примем меры.
Комментарии / Отзывы
    Ничего не найдено.